Домой Общество ФОБИЯ

ФОБИЯ

8
0
ПОДЕЛИТЬСЯ

Белгілі жазушы Стендаль «Қорқыныш – қауіптен емес, өзімізден келеді» деген екен. Яғни адам санасында пайда болатын құбылыс. Демек, кез келген жанның осындай осал тұсы болуы мүмкін. Тіпті тарихта аты қалған, мықты деген адамдардың өзі де көп нәрседен үрейленген екен. Фобияның өзі әртүрлі. Қорқатын нәрсесіне қарай бөліне береді. Жұмыртқадан қорқуға болатындай, көз тойдырарлық сұлулықтан да үрейің кетуі мүмкiн екен. Мәселен, сұлулықты сипаттайтын суретшілердің арасында әдемі әйелден қорқатындары да болыпты. Расында, жазушылар, атақты адамдар сұлу әйелдің шырмауында қалудан қауiптенген. Суретші Михаил Врубель әдемі аруды көргенде, қатты ыңғайсызданып, бойын қорқыныш билейтін болған. Біз бала кезімізде «Ер Төстіктегі» сұлу әрі ақылды пері қызы Бекторыдан қорықсақ, суретшілер осылай кәдімгі хас сұлулардан үрейленіп жүр. Гоголь тірідей көміліп қалудан қатты қорыққан. Иә, қалың топырақтың астында қалу – ешкімге қуаныш сыйлай қоймасы анық. Мұны ғылымда тафеофобия деп атайды екен. Бойын осындай үрей билеген жазушы достарына жазған хатында өзін өлгеніне толық көз жеткізген соң барып көмуді тапсыратын көрінеді. Байқағанымыздай, белгілі саяси тұлғалар мен басшылардың да әлсіз тұстары болған. Ал балаларға «Микки Маус және оның достары» атты тышқандар туралы қызықты мультфильмін сыйлаған мультипликатор Уолт Элайас Дисней тышқаннан қатты қорыққан екен. Сондай-ақ сахнадан қорыққан сахна шеберлері де бар көрінеді. Мұндай қорқыныш кезінде Мэрилин Монро, ағылшын актері Лоуренс Оливьенің де бойын билеген.

Голливуд актерлерi Бред Питт, Том Круз, Скарлетт Йохансон, тіпті «Өрмекші адам» фильмінде басты рөлде ойнаған Тоби Магуайер бүйіден, өрмекшінің басқа да түрлерінен қорқады екен. Негізі, бүйінің бір түрі – қарақұрттан бәріміз қорқамыз. Жусан иiсі аңқыған қазақ даласымен жақсы таныс жандар мұның қандай қауіпті жәндік екенін біледі. Бірақ қой иісінен қорқатын қарақұрт ауыл қазақтары үшін қауіп емес. Мансабы мен жеткен жетістіктеріне қарамастан, барлық адам қорқады. Бұл заңды да. Ал сіз ше? Неден қорқасыз?