20
Июн

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіліміз турасында…….

  1. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
  2. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
  3. Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
  4. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек.
  5. Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.
  6. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс.
  7. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау.
  8. XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
  9. Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.
  10. Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы.