08
Авг

Қатыгездік жойыла ма?

   «Қатыгездік – адам мінез-құлқындағы жағымсыз іс-әрекет» дейді ғылым. Кеңірек тәпсіріне үңілсек, жеке адамдар немесе адамдар тобына қастандық, қиянат, зорлық-зомбылық жасауды білдіреді. Қатыгездік ұғымы термин ретінде құқықтану мен криминологияда көп жағдайда жан-жануарлар мен балаларға қатысты қолданылады. Ол – әлеуметтік-психологиялық құбылыс ретінде белгілі бір мәдениеттерде тыйым салынған жолдармен тірі жан иелеріне қарсы жүргізілетін іс-әрекеттер тізбегі. Сондықтан да барлық елдердің қылмыстық кодекстерінде кісі өлімі жасалмас бұрын ауыр дене жарақаттары және рухани азаптаулар орын алған болса, оған жай кісі өлімдерінен айырмасы бар арнайы баптар бекітілген. Бірақ оның мағынасының одан да кең екені даусыз. Оған дәйектер айтпай-ақ жеткілікті, күнделікті көріп те жүрміз. Қатігездік пен сенімнің күйреуі – соғыс психологиясынан, адамның адамға жасаған айуандығынан бастау алады. Ал қазір бәрінің бәріне қарсы соғысы жүріп жатқандай әсер қалдырады. Еліміздегі ғана емес, бүтін дүниедегі күрделі рухани ахуал содан ба екен? Рухани құлдырау өз шеңберінен асып, өзін өзге тіршілік иелерінен биік санайтын адамдар қатыгездіктің түпсіз шыңырауына, тоғышарлыққа, тіпті барлық болмыс-бітімімен бейсаналылыққа беттеп барады. Соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі адамдар көңіл күйінің алақұйындығы, бейбіт өмірге бой үйрете алмауы соғыстық шығармаларда ащы көрсетілген. Керек десеңіз, соғыстан кейінгі адамдар санасында жүретін ішкі қопарылыс қан майданнан бірде-бір кем емес. Әлде біз атышулы тоқсаныншы жылдардың екпінінен әлі арыла алмай жатырмыз ба? Тоқсаныншы жылдардағы «алдындағыны тістеген, артындағыны тепкен» сананың сарқыншағының еріксіз тұтқындарына айналдық па?

    «Азалы қоңырау кімге соғылды» демеңіз. Ол – баршамызға қағылған дабыл. Қатыгез пенделерге ескерту. Болатынымыз, яки бордай тозатынымыз өзімізге байланысты.